Skip to content

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі: Жаңа Конституцияда тегін медициналық көмек кепілдігі…

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі: Жаңа Конституцияда тегін медициналық көмек кепілдігі толық сақталады

​​2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа редакциядағы Конституциясы аясында азаматтардың денсаулығын сақтау құқығы мемлекеттің басты басымдықтарының бірі болып қала береді. ҚР Президентінің 2026 жылғы 17 наурыздағы №1206 Жарлығын іске асыру мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі жаңа конституциялық нормаларды түсіндірді.

​​Ата заңның 1-бабына сәйкес, Қазақстан – адам және оның өмірі мен денсаулығын ең жоғары құндылық деп танитын әлеуметтік мемлекет. Осыған орай, денсаулық сақтау құқығы мемлекет тарапынан кепілді түрде қорғалады.

​​Конституцияның 32-бабында азаматтардың денсаулығын сақтауға және өздері ақы төлемейтін медициналық көмекті алуға құқылы екені нақты көрсетілген. Министрлік мамандары атап өткендей, «өздері ақы төлемейтін медициналық көмек» ұғымы медициналық қызметтердің ақылы негізге көшуін білдірмейді. Бұл норма азаматтарға тікелей қаржылық жүктеме түсірмей, медицинаны қаржыландыру көздерін әртараптандыруды көздейді.

​​Медициналық көмек келесі көздерден қаржыландырылады:

​​Мемлекеттік бюджет қаражаты;

​​Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі;

​​Заңнамада тыйым салынбаған өзге де көздер (қайырымдылық қорлары, халықаралық ұйымдар және т.б.).

​​Осылайша, Конституцияның жаңа редакциясы медициналық көмек көлемін қысқартпайды, керісінше, оның қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған. Азаматтар үшін медициналық көмекті тікелей төлемей алатын қолданыстағы модель толық сақталады.