Глаукома – қазіргі офтальмологияның өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. Бұл ауру көру қабілетінің толық қайтымсыз жоғалуына, яғни соқырлыққа әкелетін ең ауыр ауруға жатады. Қазіргі уақытта глаукомамен ауыратындардың шамамен 10-15 пайызы, тіпті тиісті емдеумен де, соқырлыққа ұшырайды. Біріншілік глаукома – көздің созылмалы көп факторлы ауруы, ол көзішілік қысымның жоғарылауымен, оптикалық нервтің прогрессивті атрофиясымен және көру өрісінің тарылуымен сипатталады. Бұл ауру 40 жастан асқан барлық халықтың 1,5 – 2,5 пайызында табылады. Бастапқы глаукоманың үш негізгі формасы бар: жабық бұрышты, ашық бұрышты және аралас. Бастапқы глаукомадан басқа, туа біткен, жасөспірімде, тамырлы, гиперсекреторлы, төмен қысымды және қайталама глаукоманың түрлері кездеседі.
Глаукоманың алдын алу үшін 35 жастан асқан барлық тұрғындар жылына 1 рет глаукоманы ерте анықтау скринингінен өтуі қажет. Скринингте көзішілік қысымы өлшенеді. Көзішілік қысымы жоғары анықталған науқастар дәрігер офтальмологқа қаралып ем алуы және диспансерлік есепке тұруы қажет. Глаукоманың келесі емдеу тәсілдері бар: бірінші медикаментозды немесе глаукомаға қарсы көз тамшыларын тамызу. Егер медикаментозды емнен көз ішілік қысымы төмендемесе және көру қабілетінің нашарлауы байқалса онда лазерлік немесе хирургиялық ем қолданылады. Бұл операция түрлері облыстық офтальмологиялық ауруханасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жасалынады.
Глаукоманы уақтылы анықтап және дұрыс ем тағайындау арқылы көру қабілетін сақтап қалуға мүмкіндік бар.
ТО ДСБ ШЖҚ «Облыстық офтальмологиялық ауруханасы» МКК
Нурманов Азамат Бахытжанович, Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас офтальмологы, №3 микрохирургиялық бөлімшесінің меңгерушісі

KZ

